ҚХЛ: «Барыс» үш ойынға созылған сәтсіздік сериясын тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын 25 қарашада елордада елордада Ресейдің «Северсталь» (Череповец) командасына қарсы өткізді.
Кездесу барысында екі команда жеңіске жетуге бар күшін салды. Соған қарамастан бірінші кезеңде қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Екінші кезеңде қазақстандық команда екі мәрте көзге түссе, оған ресейлік клуб бір голмен жауап қайырды. Шешуші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
«Барыс» (Астана, Қазақстан) - «Северсталь» (Череповец, Ресей) 2:1 (0:0, 2:1, 0:0)
1:0 - Дэй (Симонов, Маккошен) - 23:58
1:1 - Степанов - 27:32
2:1 - Бэйли (Приски, Томпсон) - 36:26 ГБ
Қақпашылар: Николаев - Самойлов.
Айта кетсек, қазақстандық команда бұған дейін қатарынан үш мәрте жеңілістің ащы дәмін татып, турнир кестесіндегі жағдайын біршама қиындатып алған еді.
Ал қатарынан алты мәрте қарсыластарын қапы қалдырған «Северсталь» турнир кестесінде төртінші орынға тұрақтаған.
Бүгінгі жеңістен кейін қазақстандық команда 31 ұпаймен он төртінші орынға көтерілді.
Енді елордалық клуб қатарынан үш кездесуін сырт айдында өткізеді. Алдымен 27 қарашада Ресейде СКА клубымен шеберлік байқасса, одан кейін 29 қарашада «Нефтехимик» (Нижнекамск), 1 желтоқсанда «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен шеберлік байқасады.