ҚХЛ: «Барыс» жаңа маусымды қашан бастайды
АСТАНА. KAZINFORM - Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы 2026/2027 жылғы маусымда алғашқы ойынын қашан өткізетіні белгілі болды.
Қазақстандық команда жаңа маусымды елордадағы ойындар сериясымен бастайды. Олар ресейлік клубтармен қатарынан үш матч өткізеді.
Алдымен елордалық клуб 7 қыркүйекте «Сибирь» (Новосібір) командасымен кездессе, одан кейін «Салават Юлаев» (Уфа) және «Амур» (Хабаровск) клубтарымен шеберлік байқасады.
Жаңа маусымның толық күнтізбесі ертең, 16 маусымда жанкүйер назарына ұсынылады.
Алдағы маусымға барлығы 22 команда қатысады. Олардың қатарында елордалық «Барыс» та бар. Командалар жылдағыдай Шығыс және Батыс конференциясына бөлінген.
Шығыс конференциясына Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург), «Ак Барс» (Қазан), «Металлург» (Магнитогорск), «Нефтехимик» (Нижнекамск), «Трактор» (Челябі), «Авангард» (Омбы), «Адмирал» (Владивосток), «Амур» (Хабаровск), «Салават Юлаев» (Уфа), «Сибирь» (Новосібір) және қазақстандық «Барыс» енгізілген.
Батыс конференциясында Ресейдің СКА (Санкт-Петербург), «Спартак» (Мәскеу), «Торпедо» (Нижний Новгород), «Лада» (Тольятти), «Сочи», «Динамо» (Мәскеу), «Локомотив» (Ярославль), «Северсталь» (Череповец), ЦСКА (Мәскеу), Беларусьтің «Динамо» (Минск), Қытайдың «Шанхай Дрэгонс» командалары сынға түседі.
Айта кетсек, биыл Құрлықтық хоккей лигасында «Локомотив» (Ярославль) командасы Гагарин кубогының иегері атанды. Олар жалпы серияда «Ак Барс» (Қазан) командасын 4:2 есебімен жеңді.
Еске салсақ, биыл елордалық «Барыс» ҚХЛ-дың плей-офф кезеңіне шыға алған жоқ.