08:56, 10 Қаңтар 2012 | GMT +5
ҚХЛ: «Барыс» хоккейшілері сырт айдындағы кездесуінде есе жіберіп алды
АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасы аясында кеше кешқұрым өткен сырт айдындағы соңғы ойынында «Барыс» хоккейшілері ұтылып қалды.
Атап айтқанда, Омбыда өткен кездесуін астаналық «Барыс» командасы «Авангард» хоккейшілерінен 4:2 есебімен жеңілді.
Бұл кездесудің бірінші кезеңінде қос команданың әрекеттері тең түсіп, хоккейшілер есеп ашу мүмкіндігін іске асыра алмады. Ал қалған екі кезеңде айдын иелерінің оқтын-оқтын шабуылдары нәтиже беріп, осы тартысты додада басым түсті.
Турнирлік кестеге тоқталатын болсақ, бүгінде ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында 62 ұпай жинаған «Барыс» 7 орында, ал «Авангард» 63 ұпаймен 5 орында тұрақтады.
Айта кетейік, астаналық команда келесі ойынын 12 желтоқсанда өз айдынында «Сібір» командасымен өткізетін болады.