ҚХЛ: «Барыс» Мәскеуде ЦСКА командасын тізе бүктірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті кездесуін Астананың «Барысы» Мәскеуде ЦСКА командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.0j
Мәскеуліктер осының алдында ҚХЛ-дың жалпы кестесі мен Батыс конференциясында 86 ұпаймен көш бастаса, астаналықтардың (72 ұпай) Шығыс тобында екінші орын алатындай мүмкіндіктері бар.
Шығыс конференциясында «Автомобилист» (Екатеринбург) 83 ұпаймен қара үзіп кетсе, одан кейін «Авангардтың» (Омбы) 75, ал «Ақ Барыс» (Қазан), «Металлург» (Магнитогорск) және «Барыс» командаларының 72-ден ұпайлары бар. Оған қоса елордалықтар омбылықтардан 5, қалған екеуінен бір ойынды кем өткізген, демек, оларды басып оза алады.
Чемпионаттың бірінші бөлігінде астаналықтар өз қақпаларына көбірек гол өткізіп алып жүрсе, содан кейін шабуылдаумен бірге қорғанысты да нықтап, соның нәтижесінде ұпай қоржынын молайта алды.
Бұдан екі күн бұрын ҚХЛ-дағы көш бастаушылардың бірі - СКА (Санкт-Петербург) командасымен терезесі тең ойын өрнегін көрсетіп, тек буллитте ғана есе жіберген Андрей Скабелканың шәкірттері мәскеулік армияшылармен бәсекені де сәтті бастады.
ЦСКА-ның қақпашысы Илья Сорокин канадалық легионер Мэттью Фрэттиннің соққысын қайтарып үлгергенімен, шайбаға бірінші жеткен «Барыстың» капитаны Брэндон Боченски матчтың 19-секундында есеп ашты - 1:0. Бұл ҚХЛ-дағы осы маусымдағы ең тез соғылған гол еді.
Бірінші кезең барысында мәскеуліктер екі мәрте сан басымдылығына ие болғанымен, одан ештеңе шығара алмады. Есесіне бірінші кезең бітуге сегіз секунд қалғанда, қорғаушылар арасында нәтижелі пас берумен әрі мергендігімен ерекше көзге түсіп жүрген канадалық Даррен Диц (пас берген М.Фрэттин) дәл соққымен есепті 2:0-ге жеткізді.
Екінші кезеңді де қонақтар тамаша бастады. Тағы бір канадалық Патрис Кормьеден пас алған швециялық шабуылшы Андре Петерссон мергендік танытты - 3:0. Іле-шала Виктор Сведберг пен Дмитрий Шевченконың көмегімен қорғаушы Алексей Маклюков алыстан дәл соқты - 4:0. Бұл жуырда сәбилі болған А.Маклюковтың соңғы жеті кездесудегі үшінші голы еді, мұның қорғаушы үшін жақсы көрсеткіш екені анық.
Кездесу барысында «Барыстың» қақпашысы Хенрик Карлссон қауіпті соққыларды қайтара алды. Дегенмен төрешілердің шешімімен сан басымдылығына ие болғаннан кейін мәскеулік шабуылшы Кирилл Капризов есепті қысқартты - 1:4. Сосын шабуылшы Антон Сагадеев (ол КХЛ-дағы жүзінші ойынын өткізді) айдыннан қуылған сәтте мәскеуліктерден шайбаны «ұрлап» алған Б.Боченски қақпаға жеке дара шыққанымен, И.Сорокинді алдай алмады.
Үшінші кезеңде мәскеуліктер алға ұмтылып бағып, Антон Слепышев 55-минутта тағы бір гол соқты - 2:4. Матч соңына таман ЦСКА қақпашысын алтыншы ойыншыға алмастырған сәтте Б.Боченскиге бос қалған қақпаны дәл көздеу қиынға соққан жоқ - 5:2.
Осылайша астаналықтар мәскеуліктерді 5:2 есебімен ұтып, мықты командалардың мысын басуға болатындығын дәлелдеді.
Бір айтатын жайт, астаналықтар ЦСКА командасын Мәскеуде 2012 жылдың қыркүйегінен бері ұтып көрмеген екен. Сондықтан бұл жеңістің бәсі жоғары.
Осы матчтан кейін 74 ұпай жинап, Шығыс конференциясында үшінші орынға көтерілген «Барыс» 29 қаңтарда Новосібірде жергілікті «Сибирь» клубымен шеберлік байқасады. Содан кейін Астанаға оралып, қаңтардың соңғы күні Санкт-Петербургтің СКА командасынан қарымта қайтаруға тырысып көрмек. Мәскеуліктер «Барыстан» ұтылғаннан кейін СКА бірінші орынға шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» көш бастаушы командадан ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.