ҚХЛ: «Барыс» «Металлург» командасымен айдында кездеседі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында елордалық «Барыс» өз айдынында «Металлург» (Магнитогорск) командасын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚХЛ: «Барыс» «Металлург» командасымен айдында кездеседі

«Металлург» 68 ұпаймен ҚХЛ-дың жалпы кестесінде, сондай-ақ Шығыс конференциясында көш бастап келеді.

Елордалық команда 44 ұпаймен Шығыс тобында сегізінші сатыда тұр.

Юрий Михайлистің шәкірттері өткен турда Риганың «Динамосын» 7:1 есебімен ойсырата ұтқан болатын. Соның ішінде «Барыстың» сұрмергені Никита Михайлис нәтижелі пас беріп, екі голдың авторы атанған еді.

«Металлург» сырт айдында өткізген соңғы бес кездесуінің екеуінде ғана жеңіске жетті. «Витязь» (5:3) бен «Салават Юлаевты» (4:3, овертаймда) тізе бүктірді. Есесіне «Ак Барс» командасына овертаймда (3:4) есе жіберді. «Динамо» (Минск, 0:1) және «Авангард» (2:4) командаларынан да айласын асыра алмады.

«Барыс» өз айдынында қарқынды ойын таныта ала ма, оны бүгінгі кездесу көрсетеді.

Елорда уақытымен сағат 19.30-да басталатын матчты «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде қарауға болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» жаңа жылдағы алғашқы кездесуінде жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.