ҚХЛ-дың алғашқы матчы: «Динамо» хокейшілері «Тракторды» ойсырата ұтты
АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының кезекті алтыншы чемпионаты ресми түрде ашылды. Биылғы маусымды өткен чемпионатта финалға шыққан «Динамо» (Мәскеу) және «Трактор» (Челябі) командалары ашты.
«Лужники» спорт кешенінде өткен матчта «Динамоның» хоккейшілері «Тракторды» ойсырата ұтты. Ойынның басында «Трактор» командасы бір шайбамен алға шықса да, кейінгі шайбалардың барлығы «Динамоның» пайдасына жазылды. Қорытынды есеп - 5:1. Осылайша, Құрлықтық хоккей лигасының соңғы чемпионы «Динамо» Челябі қаласының «Тракторын» тағы бір мәрте сан соқтырып кетті. Ал қыркүйектің 8-і күні астаналық «Барыс» хоккей клубы алғашқы ойынды «Северсталь» командасымен өткізеді. Бұл матч Астанадағы «Қазақстан» спорт кешенінде өтпек. Айта кетейік, биылғы маусымда «Барыстың» барлық ойындарын «Қазспорт» арнасы көрсететін болады.