ҚХЛ-дың жаңа маусымы: Астанада «Барыстың» алғашқы ойыны өтеді
АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ертең Құрлықтық хоккей лигасы аясында Астана қаласының «Барыс» хоккей клубы алғашқы матчты өткізеді. «Қазақстан» спорт кешенінде өтетін ойында «Барыстың» хоккейшілері «Северсталь» командасымен кездеседі.
«Барыс» үшін бұл - алғашқы ойын. Ал «Северсталь» кеше «Автомобилистпен» кездесіп, өз қарсыласын 2:1 (буллит) есебімен жеңді. Биыл Құрлықтық хоккей лигасының командалары құрамында біраз өзгерістер болды. Содан болар, бұған дейінгі чемпионатта оқ бойы озық болған командалардың әлсіздігі байқалады. Осылайша, кешегі матчтарда «Витязь» хоккейшілері «Трактордан» есебімен 5:3 басым түссе, лигаға жаңадан қосылған хорватиялық «Медвешчак» хоккей клубы мәскеулік «Спартакты» 7:1 есебімен ойсырата ұтты. Ал «Медвешчак» бюджеті ең аз командалардың бірі болып саналады. Айта кетейік, «Барыстың» ертеңгі ойыны кешкі сағат 17:00-де басталады. Оны «Қазспорт» арнасынан тікелей эфир арқылы көруге болады.