ҚХЛ-дың жұлдыздар матчына Т.Жайлауовтың қатысқаны дұрыс болар еді - Б.Боченски
АСТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат - Кеше Құрлықтық хоккей лигасының жұлдыздар матчына қатысатын үміткерлерге дауыс беру науқаны аяқталды. Оның қорытындысы бойынша «Барыстың» форварды - Брэндон Боченски алғашқы бестікке енді.
Б.Боченски 8 мыңға жуық дауыс жинады. Алайда оның алдында «Барыс» сайтына берген сұхбатында ол ҚХЛ-дың жұлдыздар матчына Т.Жайлауовтың қатысқаны дұрыс болады деген пікірін жеткізген еді. «Себебі Талғат өте жақсы ойнайды. Сосын біздің командамызда жалғыз ол ғана Қазақстан мен Астананы таныстыра алады. Оны сол матчта көргім келеді», - деген болатын.
Айта кетейік, Құрлықтық хоккей лигасының әрбір чемпионаты аясында жұлдыздар матчы өтеді. Оған үздік хоккейшілер қатысады. Бұл ойында батыс және шығыс конференциясының екі құрама командасы бір-біріне қарсы шығады. Осы жолғы матч 11 қаңтар күні Словакияның Братислава қаласында өтеді.