ҚХЛ: келесі ойында «Барыс» «Локомотивпен» кездеседі
АСТАНА. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ертең Құрлықтық хоккей лигасының алтыншы чемпионаты аясында Астана қаласының «Барыс» хоккей клубы өз алаңында «Локомотив» (Ярославль) командасын қабылдайды.
Бірінші ойында «Северстальді» жеңгеннен кейін «Барыс» үш ұпаймен жалпы турнирлік кестенің жетінші орнына орналасты. Негізі, лигада ойнап жатқан 28 команданың ішінде үш ұпайды олжалаған құрамалар баршылық. Алайда «Барыстың» хоккейшілері қарсыластың қақпасына 10 (!) бірдей шайба салғандықтан, ол командалардың алдын орап кетті. Ал мәскеулік «Динамо» тоғыз ұпаймен баяғыдай көш бастап тұр. «Барыстың» ертеңгі қарсыласы - «Локомотив» бұған дейін екі мәрте ұтылып, бірде-бір ұпайға ие бола алмай, көш соңында келеді.
Айта кетейік, ертеңгі ойын «Қазақстан» спорт кешенінде өтеді. Оны кешкі сағат 19:00-де «KAZsport» телеарнасынан көруге болады.