ҚХЛ: «Металлург» командасы «Барысты» өз алаңында сан соқтырып кетті

Бірінші кезеңде екі командада да шайба соғуға жақсы мүмкіндіктер болды. Дегенмен екі жақ та қақпашылардың қорғанысынан саңылау таба алмады. Ал екінші кезеңде Сергей Мозякиннің пасынан кейін "Металлург" командасының сұрмергені Данис Зарипов қақпаны айналып барып, бір шайбаны соғып кетті. Хенрик Карлсон аяқ қалқанымен қақпаның бұрышын жауып үлгермеді. Есеп - 0:1. Осы кезеңнің соңында қарсыластар кезекті рет сан басымдығына ие болды. Данис Зариповтың үштігі осы мүмкіндікті де қалт жіберген жоқ. Ян Коварждың пасынан кейін Зарипов өзінің "сүйікті" бұрышынан екінші шайбасын соғып, дубльдің авторы атанды.
Үшінші кезеңнің басында "Барыстың" xоккейшілері өз басымдығын іске асыра білді. "Металлург" шайбаны өз алаңынан шығармақшы болғанда Брэндон Боченски оны тоқтатып, Мартен Сен-Пьердің әдемі пас беруіне жағдай жасады. Дастин Бойд шайбаны бірден қақпаға тоғытты. Алайда көп ұзамай, әдемі пасты берген Мартен Сен-Пьер ережені бұзып, өз командасын кем құрамда қалдырды. Қарсыластың бірінші үштігі оны да іске асырды. Данис Зариповтың әріптесі Сергей Мозякин үшінші шайбаны салып кетті. Есеп - 1:3. Ал бес минуттан кейін гол салған Дастин Бойд айып уақытын өтеуге аттанды. Осы кезде "Металлургтың" бірінші үштігі тағы бір шайбаны соқты. Сергей Мозякиннің пасынан кейін Ян Коварж есепті 1:4-ке жеткізді. Ал араға екі минут салып, Данис Зарипов кезекті рет xет-триктің авторы атанды. Матчтың аяқ жағында "Барыс" екі ойыншыға артық құрамда ойнауға мүмкіндік алды. Брэндон Боченски екі бірдей шайба соғып, xет-триктің авторы атанса, өз командасын жеңілістен құтқара алмады. Қорытынды есеп - 3:5.
Айта кетейік, осы ойыннан кейін "Металлург" командасы жалпы есеп бойынша 0:3-пен алда келеді. Енді, тағы бір рет жеңсе, лиганың жартылай финалына шығады.