ҚХЛ: Роман Старченко үздік шабуылшы атанды
Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) сайтынан алынған мәліметке қарағанда, арнайы комиссия статистикалық деректер негізінде айдың үздік ойыншыларын анықтады.
Роман Старченко желтоқсанда 11 матчта 8 гол (үздік нәтиже) соғып, командасымен бірге 7 жеңіске қол жеткізді. Шабуылшының алты кездесуде қанжығасы құр кетпей, соның ішінде «Сочи» мен «Автомобилист» командаларымен бәсекеде қос голдың авторы атанды. Роман осы екі ойында және «Динамомен» (Минск) айдынға шыққанда, жеңіс шайбаларын соқты. Оған қоса Р.Старченко үш мәрте нәтижелі пас берді.
Сонымен қатар «Автомобилистен» (Екатеринбург) Якуб Коварж үздік қақпашы, «Йокериттен» (Хельсинки) Микко Лехтонен үздік қорғаушы, «Спартактан» (Мәскеу) қорғаушы Аким Тришин үздік жаңа ойыншы атанды.
Еске сала кетейік, соңғы екі ойынында жеңіске жеткен «Барыс» командасы Шығыс конференциясында үшінші орында келеді.