ҚХР Бас прокуратурасы Қазақстанмен ынтымақтастықты үлгі етті
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қытайдың шекаралас аудандарында прокуратура органдарының ұдайы кездесуі және тікелей ынтымақтастық механизмін құруы өткен бес жыл ішінде «Бір белдеу, бір жол» құрылысындағы ірі жетістіктердің біріне айналды. Бұл туралы ҚХР Жоғарғы халықтық прокуратурасы (ЖХП) Бас прокуроры Цао Цзяньмин мәлімдеді, деп хабарлайды Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
Оның айтуынша, өткен бес жылдың ішінде ЖХП Халықаралық прокурорлар қауымдастығының іс-қимылын белсенді түрде дамыта отырып «Бір белдеу, бір жол» құрылысына ауқымды үлес қосты. Атап айтқанда, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттер (ШЫҰ) бас прокурорларының, Қытай және АСЕАН бас прокурорларының отырыстарын ұйымдастырды.
Сондай-ақ ол Қытай Жоғарғы халықтық прокуратурасы 95 шетелдік ұлттық және өңіраралық құқық қорғау құрылымдарымен лаңкестікке қарсы күресте, қылмыскерлерді іздеу және ұрланған мүліктерді кері қайтару, сондай-ақ телекоммуникациялық салалар мен киберкеңістікте қылмысқа қарсы күресте ынтымақтастық бойынша 145 екі жақты келісім жасалғандығын хабарлады. Бұл бағытта 2013 жылы 675 қылмыстық іс бойынша шетелдік әріптестерге көмек көрсетілген.
Цао Цзяньмин өз сөзінде 2017 жылы Прокурорлардың халықаралық қауымдастығының 22-жылсайынғы конференциясы ұйымдастырылғанын, оған әлемнің 98 елінен 500 ден астам өкіл қатысқандығын атап өтті.
Еске сала кетсек, бұл конференцияға Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин де қатысқан болатын.