ҚХР-дың басқару жүйесі түбегейлі өзгерді
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - 13 шақырылымдағы халық өкілдері Жалпықытайлық жиналысында ҚХР конституциясына түзету енгізу жобасы мақұлданды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы меншікті тілшісі.
Дауыс беруге 2 964 халық қалаулылары қатысқан және оның 2 958-і Қытай коммунистік партиясының Орталық комитеті ұсынған конституцияға түзетулерді мақұлдаған, 2 адам қарсы шығып, 3 дауыс беруден бас тартқан және 1 бюллетень жарамсыз болып шыққан.
Еске сала кетсек, 25 ақпан күні ҚКП Орталық Комитеті ел конституциясына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс жариялаған еді.
ҚХР негізгі заңына Си Цзиньпиннің жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшеліктері бар социализм, қытай ұлтының ұлы жаңғыруына қол жеткізу және экоөркениеттік құрылыс түсінігі туралы идеялары енгізіледі.
Жаңа түзетулерге сәйкес, мемлекеттік қызметшілер қызметке кірісерде ел конституциясына қоғам алдында ант береді және ҚХР мемлекеттік органдар жүйесін бақылау ретінде Ұлттық комиссия енгізіледі.
Тарихи мәні бар негізгі түзетулердің бірі - ҚХР төрағасы мен төраға орынбасарына екі мерзімнен артық билікте болуына тыйым салатын 79-баптағы үшінші тармақты алып тастау болды. Бұл ҚХР көшбасшысы Си Цзиньпиньге 2023 жылдан кейін де билік басында қалуына мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың қазан айында Қытай коммунистік партиясының 19-съезінде Си Цзиньпиннің есімі Дэн Сяопинь және Мао Дзедуньмен қатар Қытай Компартиясының жарғысына енгізілді.
ҚХР алғашқы конституциясы 1954 жылы қабылданған. Оның қазіргі мәтіні 1982 жылдың 4 желтоқсанында бекітілді. Содан бері аталған құжатқа төрт рет түзету енгізілген.
Автор: Садық Акижанов
Глав.фото: russian.news.cn
Фото: REUTERS/Jason Lee