ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябао халық тарапынан билікке айтылып жатқан сындармен келіседі
БЕЙЖІҢ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қытай Халық Республикасының 1949 жылдан бергі тарихында алғаш рет Мемлекеттік кеңестің премьері Вэнь Цзябао жергілікті шенеуніктерден Орталық үкімет тарапынан қорғаныш іздеп, Бейжіңнің аймақтарынан келген тұрғындармен кездесу өткізді.
Мемлекеттік кеңестің премьері Вэнь Цзябао келушілер мен хаттар қабылдайтын Бейжіңнің Мемлекеттік бюросына арнайы келіп, тұрғындармен жүздесіп, олардың проблемалары мен өтініштерін, сонымен қатар үкіметтің жұмысына қатысты ұсыныстарын тыңдады.
Келушілермен кездесу барысында Қытай премьері атап өткендей, қарапайым халық үкіметке өзінің ұсыныстары мен өтініш-тілектерін жеткізе алуы үшін арнайы арналар ашу қажет, осы арқылы үкімет жұмысына халықтан келетін сын мен бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік тумақ.
«Біздің үкімет халықтық, біздің билік халықтан алынған. Біз өз өкілеттігімізді пайдалана отыра, халықтың игілігі үшін жұмыс жасап, халықтың проблемалары мен қиындықтарын шешуге тырысуымыз керек», - деп атап өтті Вэнь Цзябао.