ҚХР-мен келісімді ратификациялау және қоғамдық кеңестер туралы заң жобалары қаралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 13 қазанда Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

ҚХР-мен келісімді ратификациялау және қоғамдық кеңестер туралы заң жобалары қаралды

2006 жылғы 20 желтоқсанда Бейжің қаласында жасалған Келісім аумақтарға қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ету, құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу, шекарадағы тосын оқиғаларды шешу жолдарын белгілеу және екі мемлекеттің шекара өкілдерінің өзара іс-қимыл тәртібін реттеуге бағытталған. Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға және екі жақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін болады.

Комитет отырысында «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасы да қаралды. Құжат қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша азаматтық қоғамның пікірін білдіру мақсатында құрылатын қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесін, олардың қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру тәртібін айқындауға бағытталған. Қоғамдық кеңестер екі деңгейде - республикалық және жергілікті деңгейлерде құрылады.

Заң жобасында Қоғамдық кеңесті қалыптастыру тәртібі мен оның сандық құрамы, сондай-ақ оның мүшелеріне қойылатын біліктілік талаптары туралы ережелер көзделген.

Қабылданатын ережелер мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдеріне азаматтық қоғам институттарын кеңінен қатыстыруды қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдаулар, қоғамдық сараптама, мемлекеттік органдар жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау секілді қоғамдық бақылау түрлерін реттейді.

Одан басқа, комитет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы қаралды. Бюджет кодексіне және бірқатар заңдарға енгізілетін өзгерістер «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасының ережелеріне сәйкес келтіру мақсатында азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты мәселелерді реттейді.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.