ҚХР Орталық әскери кеңесі басшысының бұрынғы орынбасары Қытай Компартиясы қатарынан шығарылды
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚХР Орталық әскери кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары Сюй Цайхоу Қытай Компартиясы (ҚКП) қатарынан шығарылды, оның ісі әскери прокуратураға берілді. Дүйсенбі күні Бейжіңде ҚПК Бас хатшысы және ҚХР Орталық әскери кеңесінің төрағасы Си Цзиньпиннің төрағалығымен өткен Саяси Бюро отырысында осындай шешім қабылданды.
ҚКП Орталық Комитетінің хабарламасында Сюй Цайхоуға қатысты істі тергеу барысында жоғары шенді әскери тұлғаның «қызмет бабын асыра пайдаланғаны, пара берушілерге қызмет бабымен көтерілуіне көмек көрсеткені үшін пара алғаны және үшінші тұлғалардың мүддесі үшін әрекет еткені» айтылған.
Гонконг БАҚ-тары Сюй Цайхоудың тұсында Қытай халық-азаттық армиясында шенді «сатып алу» және параға қызмет бабымен жоғарылау өрістегенін жазады.
Сюй Цайхоу 15 наурыздан бері тергелу үстінде. Сонымен бірге, оның отбасы да парақорлыққа күдіктелуде. Сюй Цайхоудың ісі Қытай халық-азаттық армиясы тарихындағы ең шулы оқиға, егер оның кінәсі дәлелденетін болса, ол трибуналға берілетін ең жоғары шенді қытайлық әскери тұлға болмақ.
Орталық әскери кеңес құрамына ол 1999 жылы кірді, ал 2004-2012 жылдардың арасында қарулы күштерге басшылық жөніндегі осы жоғарғы орган төрағасының орынбасары қызметінде болды.