ҚХР СІМ Эдвард Сноуденнің Қытайдың пайдасына тыңшылық жасағандығы туралы ақпаратты «мүлдем қисынсыз» деп атады
БЕЙЖІҢ. 17 маусым. ҚазАқпарат - ҚХР СІМ Эдвард Сноуден «Қытай тыңшысы» деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Мен мұндай сыбысты мүлдем қисынсыз деп санаймын», - деп хабарлады бүгін баспасөз мәслихатында Қытайдың сыртқы саясат ведомствосының өкілі Хуа Чуньин.
Таяуда американ тарабы Эдвард Сноуденнің ҚХР-мен ынтымақтастықта болуы ықтимал екенін мәлімдеп, оны «Қытайдың тыңшысы» деп атады, деп жазады «Синьхуа» агенттігі.
Германия, Жапония және басқа да елдер АҚШ-тан PRISM құпия бағдарламасына қатысты түсініктеме талап еткен. «Американ тарабы халықаралық қоғамдастықтың және әртүрлі елдер азаматтарының алаңдаушылығына елеулі назар аударуы және тиісті түсінік беруі тиіс», - деген қытай дипломатының сөзін келтіреді «Синьхуа» агенттігі.