ҚХР СІМ: Нұрсұлтан Назарбаев - стратег және алыстан болжай білетін көреген саясаткер
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚХР СІМ Еуропа және Орталық Азия елдері департаментінің директоры Сунь Линцзян Қытайдың сыртқы саяси ведомствосының атынан Тәуелсіз Қазақстанды дамытуда, өңірлік қауіпсіздікті нығайтудағы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөліне баға берді, деп хабарлады Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
«ҚХР сыртқы істер министрінің көмекшісі Ли Хуэйлайдың тапсырмасы бойынша Қытайдың сыртқы саяси ведомствосы атынан сіздерді осы жинақты қытай тілінде шығаруларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Ұлт Көшбасшысы, алысты болжай білетін стратег және саясаткер. Нұрсұлтан Назарбаев басшылығымен өткен тәуелсідіктің 25 жылында Қазақстанда әлеуметтік үйлесім мен тұрақтылық қалыптасып, экономика серпінді дамыды, халықтың әл-ауқаты жақсарып, елдің халықаралық аренадағы мәртебесі мен танымалдылығы артуда», - деді ол қытай тілінде шыққан «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдамалы еңбектер жинағын» таныстыру барысында.
Еуропа және Орталық Азия елдері департаментінің директорының айтуынша, «Қазақстанның жетістігі мен дамуы - бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатаң басшылығының жемісі. Елдің ұзақмерзімді және табысты дамуына бағдарлана отырып, ол конституциялық реформаны қазақстандық ерекшелікпен жаңа саяси құрылым қалыптастыру үшін билікті бөлуді баяу қарқынмен жылжытуда. Жаһандық экономиканың баяу өсімі, негізгі ресурстарға баға төмендеген жағдайда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» экономикалық саясаты мен «экономика құрылымдарын оңтайландыру және жаңа өсу орындарын құру мақсатында Үшінші жаңғырту стратегиясын уақтылы ұсынды. Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық сананы жаңғырту, елдің бірлігін арттыру үшін ұлттық мәдениетті дамыту реформасына бастамашылық етті», деп атап өтті қытайлық дипломат.
Ол өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдауда барынша маңызды рөл ойнайтын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі мен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес мәжілісін шақырту сияқты қазақстандық көшбасшының халықаралық бастамаларына тоқталып өтті.
«Қытай Қазақстанның тату көршісі, жан-жақты стратегиялық әріптесі ретінде тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстанның ұлы жетістіктеріне шын жүректен қуанады. Ұлттық ерекшеліктерге жауап беретін даму жолында Қазақстан халқын одан әрі қолдауға әзір. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан мемлекетін қуатты елге айналдырып, гүлдендіру арманын жүзеге асыратынына еш күмәнім жоқ»-деді.