ҚХР СІМ: ШЫҰ-ны кеңейту - бұрын-соңды болмаған ынтымақтастық әлеуетін жандандыра түспек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында Үндістан мен Пәкістанды ұйымға толыққанды мүше етіп қабылдау жоспарланып отыр, деп мәлімдеді Бейжіңде өткен кезекті баспасөз мәслихатында ҚХР СІМ-нің ресми өкілі Хуа Чуньин.
Үндістан мен Пәкістанды ұйымға ресми мүше ретінде қабылдаудың екі ел қарым-қатынасына әсері туралы тілшілердің сауалына ҚХР СІМ-нің ресми өкілі: «ШЫҰ-ның мүшелігін кеңейту - ұйымға мүше мемлекеттердің қабылдаған ортақ шешімі. 2015 жылы Уфада өткен ШЫҰ саммитінде ұйымға мүше мемлекеттер Үндістан мен Пәкістанды ұйымға мүше етіп қабылдауды ұсынды. 2016 жылы Ташкентте өткен ШЫҰ саммитінде Үндістан мен Пәкістанды мүшелікке қабылдау туралы меморандумға қол қойылды. Қазіргі уақытта ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Үндістан және Пәкістанмен бірлесе отырып, меморандумда көрсетілген міндеттемелерді орындап жатыр, барлық жұмыстар сәтті жүргізілуде», - деп жауап берді.
Хуа Чуньиннің айтуынша, Астанада өтетін ШЫҰ саммитінде Үндістан мен Пәкістанды ұйымға мүше етіп қабылдау процесі толығымен аяқталады. Атп айтқанда, ШЫҰ құрылғаннан бергі алғашқы ұйымды кеңейту жоспары жүзеге асырылмақ. Осылайша әлемде ең халқы көп, аумағы ең үлкен аймақтық ынтымақтастық ұйым құрылып, бұрын-соңды болмаған даму және ынтымақтастық әлеуетін жандандыра түсетін болады.
«Біз Үндістан мен Пәкістанды ұйымға мүшелікке қабылдағаннан соң, олардың «Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясы» және «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарты» ережелерін қатаң сақтауын қалаймыз. Сонымен қатар достық ынтымақтастықты нығайтып, «Шанхай рухы» ұстанымын жалғастырып, өзара қатынасты жақсартып, ұйымның дамуына бірлесіп атсалысуын қалаймыз», - дейді ҚХР СІМ-нің ресми өкілі.