Кибералаяқтықты ашу көрсеткіші 29%-ға өсті - Бас прокуратура

АСТАНА. KAZINFORM – Кибералаяқтықтарды ашу көрсеткіші 29%-ға өсті (36,5%-дан 66%-ға дейін), келтірілген залалды өтеу деңгейі 57%-ды құрады (3,4 млрд теңгенің 1,9 млрд теңгесі өтелді). Бұл мәліметтер Бас прокуратурада интернет-алаяқтықтарға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткен ведомствоаралық кеңесте айтылды.

Раскрываемость случаев кибермошенничества в Казахстане возросла на 29%
Фото: ҚР Бас прокуратурасы

Айта кетейік, жиынға Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті мен Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басшылары қатысты.

Жұмыс қорытындылары шығарылып, жедел-тергеу қызметінің тиімділігін арттыру шаралары талқыланды.

Биылғы 2 айда интернет-алаяқтықтар саны 8,3%-ға төмендегені байқалады (4 385-тен 4 023-ке дейін).

Қылмыстық жауапқа 913 құқық бұзушы тартылды.

Дропперлік схемаларды анықтау бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр.

Дропперлік үшін жауапкершілік енгізілген сәттен бастап Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы (Банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру) бойынша 400-ден астам іс тіркеліп, оның 66-сы сотқа жолданды.

Сонымен қатар, алаяқтар пайдаланатын SIM-карталар мен WhatsApp аккаунттарын белсендендірушілердің қызметі тоқтатылып жатыр.

Мәселен, биылғы ақпан айында Батыс Қазақстан облысында алаяқтарға көмектескен адам 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өз атына мыңнан астам SIM-картаны рәсімдеп, оларды қылмыстық мақсатта пайдалану үшін алаяқтарға берген.

Сондай-ақ «сұр провайдерлерге» ерекше назар аударылып отыр, олар алаяқтарды виртуалды байланыспен қамтамасыз етеді.

Мысалы, осы жылдың қаңтар айында Қостанай облысында жалған байланыс операторының технигі шетелдік алаяқтық колл-орталықтарға IP-телефония қызметін көрсеткені үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

-Жалпы, бүгінгі таңда жұмыстың негізгі қағидаты – тек орындаушылар мен ұйымдастырушыларға ғана емес, сонымен қатар киберорта мен қылмыс жасауға жағдай жасайтын факторларға да ықпал ету болып табылады,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Қазақстанда киберқылмыспен күрес қалай жүріп жатқаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар