«Киелі Шығыс», «Қонақжай отбасы»: ШҚО-да жазда оқушыларға арналған қандай жобалар қолға алынған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жазғы демалыс кезінде мектеп оқушыларының жан-жақты білімін арттырып, түрлі дағдыларын жетілдіру үшін талай жоба іске асырылып жатыр. Соның ішіндегі ең ерекшелері — «Киелі Шығыс» пен «Қонақжай отбасы». 

«Киелі Шығыс», «Қонақжай отбасы»: ШҚО-да жазда оқушыларға арналған қандай жобалар қолға алынған
Фото: ШҚО әкімдігі

Әуелі «Қонақжай отбасы» жобасынан бастайық. Бұл жоба 2023 жылы қолға алынған. Ондағы мақсат — балаларға қазақ тілін үйрету. Сөйтіп, балалар ауылға барып, тілдік ортаға енді. Ол үшін Катонқарағай ауданындағы Катонқарағай, Өрел және Берел, Жамбыл ауылдары таңдап алынған. Оқушыларға өлкенің тарихын, қазақ халқының салт-дәстүрлерін білуге, халық аспаптарында ойнауға, жергілікті көрікті жерлер мен тарихи ескерткіштерге баруға мүмкіндік беретін бағдарлама да дайындалды.

«Киелі Шығыс», «Қонақжай отбасы»: ШҚО-да жазда оқушыларға арналған қандай жобалар қолға алынған
Фото: ШҚО әкімдігі

Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық шарасы ойластырылған. Балаларды қабылдаған әр отбасы мұқият тексеруден өтті. Жобада белгілі біртілдік білімі мен сөздік қоры бар 12-ден 14 жасқа дейінгі балалар қатысты. Әрбір бала үшін қабылдаушы отбасына 180 мың теңгеден төленді.

2024 жылы жоба жалғасын тапты. 15 маусымнан 30 маусым аралығында іске асырылған жобаға 2 аудан және Риддер қаласы қатысты. Ондағы 6 ауылдағы 50 отбасы 120 оқушыны қабылдаған. Балалар тілді меңгеріп, бұрынғыға қарағанда әлдеқайда еркін сөйлей бастады.

ШҚО Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, өз нәтижесін көрсетіп жатқан «Қонақжай отбасы» жобасы осы жылы да үзілмейді.

«Киелі Шығыс», «Қонақжай отбасы»: ШҚО-да жазда оқушыларға арналған қандай жобалар қолға алынған
Фото: ШҚО әкімдігі

— Жазғы демалыс кезінде «Қонақжай отбасы» жобасы өз жұмысын жалғастырады. Биыл жоба ауқымы кеңейіп, үш ауданның (Катонқарғай, Үлкен Нарын, Шемонаиха) алты елді мекенін қамтитын болады. Бағдарламаға 62 отбасы қатысып, 130 бала қазақ тілін, 10 бала орыс тілін толықтай тілдік ортада меңгеруге мүмкіндік алады, — дейді басқарма басшысы Иннеса Чернышева.

Ал «Киелі Шығыс» жобасы 2025 жылы бірінші рет қолға алынып отыр. Бұл жоба өңірдің мәдени және тарихи мұрасымен таныстыруды, балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруды мақсат етеді.

Соның аясында облыстың тарихи ескерткіштерімен табиғаты тамаша жерлерін қамтитын оқу-танымдық туристік маршруттар әзірленген. Оған 200-ге жуық оқушы қатысады. Бағдарлама 7-10-сынып оқушыларына арналып, қатысушылар Шығыс Қазақстанның әр ауданынан жинақталады.

Жоба аясында археологтар мен өлкетанушылардың қатысуымен Берел қорғандарына және басқа да көне нысандарға экскурсиялар, туризм негіздеріне арналған шеберлік сағаттар (палатка тігу, карта және компаспен жұмыс істеу, бастапқы альпинизм дағдылары) өткізіледі. Қазақ халқының тарихы, дәстүрлі өнер мен фольклормен танысу, интерактивті сабақтар сынды мәдени-танымдық бөлімде ойластырылған. Табиғатты қорғау жұмыстары, ағаш отырғызу, экожүйелерді бақылаудан құрылған экологиялық бағыт та бар.

— Жоба оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, отансүйгіштік пен табиғатқа деген құрметті қалыптастыруға бағытталған. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл бастаманың болашақта тұрақты балалар-жасөспірімдер туризм қозғалысының негізіне айналуы мүмкін екенін атап өтті. Экспедицияларға тәжірибелі гидтер, педагогтер, экологтар және медицина қызметкерлер қатысады. Жобаға ұлттық парктер мен өлкетану ұйымдары да қолдау білдіріп отыр, — дейді Иннеса Чернышева.

Оның айтуынша, жалпы Шығыс Қазақстанда оқушылардың 99,9 пайызы жазғы демалыспен қамтылады.

— Жазғы демалыс кезеңінде мектеп оқушыларының басым бөлігі — 93 564 бала түрлі демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылмақ. Облыс бойынша 1-10-сынып аралығында 93 631 оқушы бар. Биыл жазғы демалысты ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 634,5 млн теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 119,2 млн теңге — материалдық-техникалық базаны жөндеуге және нығайтуға, 364,1 млн теңге — көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға жолдама сатып алуға бағытталған, — дейді ШҚО Білім басқармасының басшысы.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың 9 506 баласы — жазғы демалысын арнайы лагерьлерде өткізеді. Өңірдегі лагерьлердің жалпы саны — 485. Оның ішіндегі қала сыртындағы 12 лагерьде — 10 087, мектеп жанындағы 270 лагерьде — 23 120, 204 бейіндік алаңда — 60 357 бала демалады.

Лагерьлерде 1230 тәрбиеші мен тәлімгер, 1224 қосымша білім беру педагогі жұмыс істейді. Сондай-ақ 250 медицина қызметкері демалыс маусымы бойы балалардың қауіпсіздігі мен бос уақытын ұйымдастырумен айналысады. Бұдан бөлек, өңір оқушылары Алматыдағы «Бөбек», Щучинск пен Қонаев қалаларындағы «Балдәурен» ұлттық білім беру және сауықтыру орталықтарында демалу мүмкіндігіне ие болады.

Соңғы жаңалықтар