12:19, 03 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Киелі Қазақстан» деп аталатын деректі фильм түсірілді
АЛМАТЫ. Қаңтардың 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы «Керуен» қоғамдық қоры «Киелі Қазақстан» деп аталатын деректі фильм түсірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша жасалған бұл деректі фильмнің ұзақтығы 45 минут. Сценарийін жазған Базарбек Атығай, режиссері Ерлан Хойлан, операторы Марс Умаров, редакторы Абылай Мамырайхан, жарық түсіруші Талғат Оданов, музыкалық редакторы Бейбіт Ақош.
«Қазақ ежелден киені қадірлеген халық. Елім иесіз, жерім киесіз дейсің бе дейтіні сол себепті болар», дейді «Керуен» қоғамдық қорының президенті Ерлан Хойлан. Жидебайдағы Абай мен Шәкәрімнің жатқан жерінен бастау алған бұл деректі фильмде Райымбек батыр, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб, Үкаша ата, Гауһар ана, Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысқақ баб, Қорқыт баба, Марал ишан, Айтбай, Шақпақ ата, Бекет ата, Шопан ата сияқты қасиетті адамдардың жатқан жеріне саяхат жасалады. Оған түсіндірме берген филология ғылымының докторы Мекемтас Мырзахметов пен тарих ғылымының докторы Мәди Кереев.