Киелі өнер арқылы қалың қазақты тәрбиелеген Жүсекең сияқты ірі тұлғалар қашанда үлкен құрметке лайық - Қ. Бөрібеков
АЛМАТЫ. 8 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қазақтың музыка әлемінде өшпестей із қалдырған, ән салудың бір тұтас мектебін қалаған Ж.Елебеков қазақ өнеріндегі дара тұлға.
Бұл жөнінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің техникалық және білім департаментінің директоры Қадірбек Бөрібеков әнші ескерткішінің ашылу рәсімі кезінде айтты.
«Кемеңгер Мұхтар Әуезов «Жүсіпбек халық әндерінің шебер академигі ғана емес, ол адамгершіліктің де академигі» деп оны жоғары бағалаған. Киелі өнер арқылы қалың қазақты тәрбиелеген Жүсекең сияқты ірі тұлғалар қашанда үлкен құрметке лайық. Өнер сүйер қауым мен келешек ұрпағымыз бұл әншінің өнерге қосқан үлесін әрқашан есте сақтайды, ешқашан ұмытпайды», -деді Қ. Бөрібеков
Ескерткіштің авторы, мүсінші Мәлік Кеңесбаев мүсінді салуға жарты жылдай уақыт кеткендігін және әншінің бейнесін сипаттайтын материалдар мен ол кісі туралы ақпарат жинағандығын айтады. «Мүсінді салу барысында ол кісінің көзін көріп, бірге қызметтес болған адамдардың әңгімелерін тыңдап, әншінің түр-тұлпатын бейнеледік. Жалпы мүсіннің биіктігі 4,20 метр», - дейді мүсінші.