«Киев-Алматы-Киев» бағытында уақытша әуерейсі ашылды
АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі «МАУ» әуекомпаниясына 2012 жылғы 10 шілдеге дейін Киев - Алматы - Киев бағытында ұшу сапарын жүзеге асыруға уақытша рұқсат берді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
«ҚР Көлік және коммуникация министрлігі «Украина халықаралық әуежелісі» («МАУ») әуекомпаниясына 2012 жылғы 6-шы маусым мен 10-шы шілде аралығында Киев - Алматы - Киев бағытындағы ұшу сапарларын уақытша жүзеге асыруға рұқсат берді. Мұндай шешімді Қазақстанның әуе билігі футболдан өтетін Европа чемпионатына байланысты аталған ұшу сапарларына билет сатып алған жолаушылар тарапынан түсініспеушілікті болдырмау мақсатында қабылдап отыр», - делінген хабарламада.
Естеріңізге салып өтейік, ҚР ККМ Азаматтық авиация комитеті Украиналық әуекомпаниясына аталған бағытқа жаз мезгілінде ұшу сапарын жүзеге асыруға рұқсат берген жоқ. Себебі рұқсат беруге қажетті құжаттар тізімін аталған компания толық ұсынбай отыр.
«МАУ» әуекомпаниясы Киев - Алматы - Киев бағытындағы тұрақты рейстерге рұқсат алмай тұрып, алдын ала билет сатуды жүзеге асырғанын атап өту керек.