Киев әуежайында қыз баланы құтқарған жігіт Ұлттық ұланның сарбазы болып шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Киев әуежайында кішкентай баланы құтқарып қалған жігіт ҚР Ұлттық ұланының сержанты болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Киев әуежайында қыз баланы құтқарған жігіт Ұлттық ұланның сарбазы болып шықты

«Кудиенко Алексей Александрович 2010-2017 жылдары Шымкент қаласындағы 6506-әскери бөлімшеде қызмет еткен. Ол материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының автомобиль взводының аға жүргізушісі болған. 2017 жылдың тамызынан бері Алматы қаласындағы аппаратураларды жөндеу және байланыс өңірлік орталығының маманы болып жұмыс істейді», - деп мәлімдеді ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.

Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы А. Кудиенкомен телефон арқылы байланысқанын жеткізді.

«Онымен телефон арқылы сөйлестік. Қазір ол пойызбен үйге қайтып жатқан болу керек», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, осыған дейін Шымкент тұрғынының Киев әуежайында кішкентай қыз баланы құтқарып қалғандығы туралы жаздық.