Киев орталығында оппозиционерлер министрлік ғимаратын басып алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Киев орталығында наразылық акцияларының қатысушылары арасында «Ортақ іс» («Спильна справа») қозғалысының мүшелері себепкер болған қақтығыс орын алды. Олар Аграрлық саясат министрлігінің ғимаратын тағы басып алды.

Киев орталығында оппозиционерлер министрлік ғимаратын басып алды

Украинаның «Вести» басылымы хабарлағандай, белсенділер кіреберіске өздерінің нышандары бейнеленген туды іліп қойған. Министрлікке келген Виталий Кличко оларды ғимараттан шығуға үгіттеді, бірақ оның сөзіне ешкім құлақ аспады.

Артынша мұнда Майдан жасағы мен ғимаратты босатсын деген депутаттық өкімдері бар екенін мәлімдеген белгісіз біреулер келген. Орын алған қақтығыстың нәтижесінде ғимараттан атылған оқ дауыстары естілді, оның арты гранаталардың жарқылына ұласты. Куәгерлердің айтуынша, жараланғандар болған, оларды жедел жәрдем көліктері ауруханаларға алып кеткен.

Қозғалыстың ведомство ғимаратын басып алудағы мақсаты - қамауға алған оппозиционерлерді босатуын сұрап, билікке шарт қою еді. Белсенділер министрліктерде тыныштық сақтап, тіпті шенеуніктерді жұмыс орындарына жіберуде.

Өткен түні Львовте оппозиционерлер арасында орын алған қақтығыста «Свобода» партиясының жақтастары облыстық әкімшілік ғимаратынан Еуромайданның ырықты жақтастарын қуып шыққан. Ұлтшылдар бұл ғимаратта өз өкілдерінен Халықтық рада құруға ниетті екендіктерін мәлімдеді.