Киев саммиті қарсаңында «Чернобыль АЭС-дегі ядролық апатқа 25 жыл» жиынының ұсынымы бірлескен іс-қимылдың нақты қадамы болмақ - Украина Елшісі
АЛМАТЫ. 12 сәуір. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Технологиялар қарқынды дамып жатқан кезеңде оны одан ары қолдануды таразылауда Чернобыль сабақтарының өзектілігі артып келе жатыр.
Бұл бүгін Украинаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Олег Деминнің Алматыда өткен «Чернобыль АЭС-дегі ядролық апатқа 25 жыл» деп аталатын халықаралық дөңгелек үстел жиынына қатысушыларға жолдаған құттықтауында айтылды.
«Жапониядағы соңғы қайғылы оқиғалардан кейін әлемдік қоғамдастық ядролық энергияны қолдануда абсолюттік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығын айтуда. Ядролық энергияны қауіпсіз иновациялық қолдану жөніндегі Киев саммиті қарсаңында сіздердің бұл дөңгелек үстел жиындарыңыз осы бағыттағы бірлескен әрекетті жүзеге асырудағы тағы бір нақты қадам болатынына сенімдімін», - дейді Олег Демин.
Құттықтауды Чернобыль және локальды соғыс ардагерлері одағы ұйымдастырған бұл шараға қатысушыларға Украинаның Қазақстандағы Бас консулы Людмила Протасова оқып берді. Оның айтуынша, Киев саммиті Чернобыль АЭС-дағы ядролық апаттың 25 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылып отыр. Онда 20-22 сәуір күндері «Чернобыль апатына 25 жыл: қауіпсіздіктің болашағы» деген тақырыпта халықаралық конференция болады. Сондай-ақ онымен бір уақытта Чернобылдік донорлық конференция мен Киев саммиті де өтпек. Оны Украина, Беларус және Ресей үкіметтері Еуропалық комиссия, Еуропалық кеңес және тағы басқа халықаралық ұйымдармен, БҰҰ мен оның түрлі құрылымдарымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.