Киевте теміржол стансасында жолаушылар перроны опырылып түсті

АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Украина астанасының Вышгородская теміржол стансасында 2 сәуір күні күндіз перрон опырылып құлады, деп хабарлайды РБК.

Киевте теміржол стансасында жолаушылар перроны опырылып түсті

Бұл туралы куәгерлерге сілтеме жасап «Бесінші арна» хабарлайды.

Оқиға пойыз стансаға келген сәтте болды. Пайда болған шұңқырға платформада тұрған жолаушылар да, сонымен қатар, вагоннан шығып келе жатқан жолаушылар да құлап кетті.

Машинист опырылуды байқамаған, есікті жауып, пойыз орнынан әрі қарай жылжып кеткен. Түрлі мәліметтер бойынша, төтенше оқиғаның салдарынан 20-дан 40-қа дейін адам зардап шекті. Бақытқа орай, жолаушылардың ешқайсысы күрделі жарақаттарға немесе мертігулерге ұшыраған жоқ.

Желіге оқиғаның видеосын орналастырған интернет пайдаланушысы Юрий Арготяник оқиғаны басқаша баяндайды. Оның айтуынша, перрон 20 адамның салмағы түсіп, опырылып кетті, алайда оқиғаны өршітуге платформа мен вагон баспалдақтары арасындағы саңылау арқылы секіріп аттаған салмағы 120 келі болатын ер адам себепші болған.

ТЖМ немесе құқық қорғау органдарының тарапынан ресми мәлімдемелер болған жоқ.