Киевтегі қақтығыста 12 адам қаза тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Киевте Майдан ауданындағы таңертеңгі қақтығыста 12 адам көз жұмды, деп хабарлады РБК.
Украинаның «5 канал» арнасы хабарлағандай, қаза тапқандардың мүрделері алаңда жатыр.
Оппозиция жапа шеккендердің барлығын ғимараттардың бірінің шатырынан атқан снайпер өлтірді деп айтуда. 20 жас шамасындағы қаза тапқан ерлердің барлығында көздеп атқаннан қалған кеудесінде немесе мойнында жарақат бар.
Майданнан Институтская және Грушевский көшелерінде шатырлардың үстінде снайперлер бар екенін айтуда.
Осыған дейін атыс туралы құқық қорғау органдары хабарлаған болатын. ІІМ ресми деректеріне қарағанда, 1 милиционер көз жұмып, 29-ы жарақат алды. Майданда қарудың қолданылуы арнайы жасақ пен ішкі әскерлердің қайта шегінуіне себеп болған.
Оппозицияда қанша адам жарақаттанғаны белгісіз. Басып алынған мекемелердің медициналық пункттеріне минут сайын жапа шеккендер жеткізіліп жатыр.