Киевтегі жөндеу жұмыстарынан кейін ҚР ҰҚК Шекара қызметі авиациясының ұшағында ақаулар анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Киевтегі зауытта өткен жөндеу жұмыстарынан кейін ҚР ҰҚК Шекара қызметі авиациясының Ан-72 ұшағында ақаулар анықталды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.
«2013 жылғы 13 мамырда ҚР ҰҚК Шекара қызметі авиациясының Ан-72 ұшағы Киевтегі № 410 зауытындағы жоспарлы авиа жөндеуден кейін Киев-Ақтау-Алматы бағдары бойынша ұшты. Кедендік рәсімдер мен шекаралық қадағалаудан өту үшін Ақтау қаласында жоспарлы қону айналымы кезінде экипаж ұшақтағы гидрожүйелердің бірінде қысымның төмендегенін анықтады. Әуе кемесін қондыру штаттық режімде өтті. Осыдан кейінгі тексеру жұмыстары барысында сол жақ қозғалтқышта гидроқоспаның ағуы анықталды», - делінген таратылған мәліметте.
Атап айтқанда, ұшақ жөндеуден өткеннен кейін «Антонов» конструкторлық бюросының» сынақшы ұшқыштары мен ҚР ҰҚК ШҚ авиациясы ұшқыштары Киевте тест сынақтар өткізген көрінеді. Ол кездегі 6 сағаттан астам ұшу уақытында ұшақ жұмысында ақаулар байқалмаған.
Шекара қызметі ұшаққа жөндеу жұмыстарын жасаған № 410 зауыттың кепілдікті тобына осы оқиға бойынша хабар берді. Ведомство ақпаратына қарағанда, зауыттың кепіл тобы ұшақты бір аптаның ішінде қайта жөндейтін болады.