Киевтің «Жуляны» әуежайының VIP-залы жолаушыларға толы
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жуляны» әуежайының ескі терминалының VIP-залы жолаушыларға толы, деп хабарлады әуежайдағы оқиғаны көзбен көргендердің сөзіне сілтеме жасаған РБК. Украина БАҚ-ның түрлі мәліметтері бойынша, әуежайда бүгін бірнеше ондаған VIP-рейстер тіркелген. Автокөліктерден жекеменшік ұшақтарға ауқымды қораптар тиелуде.
«ВИП-рейстер» арқылы ұшып кетіп жатқандар жайлы әлеуметтік желілерде кеңінен талқылануда. «Күзет басқармасының брондалған машинасымен келген адам терминалға екі ауыр сөмкелерімен өтті», - деп жазады «Трибуна» басылымының бірінші бетінде бас редактор Евгений Лауэр. Оның сөзіне қарағанда, осылайша Жоғарғы Раданың вице-спикері Игорь Калетник және кірістер мен жинақтар министрі Александр Клименко ұшып кеткен. Журналистің деректері бойынша, олардың әрқайсысы инкассаторлық машиналармен әкелінген бірнеше сөмкелері және чемодандарымен кеткен.
Ұшып кеткен жолаушылардың тізімін болжаммен Twitter әлеуметтік желісін пайдаланушы max seddon жариялады. Онда Жоғарғы рада депутаттарының аттарына ұқсас есімдер кездескен.
Бизнесмен Ринат Ахметовке тиесілі Airbus A319-133X(CJ) №P4-RLA ұшағы Хитроу әуежайына қонды. Бұл мәліметтер Flightradar24.com сайтынан алынды, деп хабарлады РБК-Украина. Алайда кәсіпкердің жолға шыққаны жайлы ақпарат жоққа шығарылды. «Ринат Ахметов Украинада. Ол қазір Донецкте. Ол Чехияға да, Лондонға да кеткен жоқ», - деп мәлімдеді бизнесменге тиесілі «Систем Кэпитал Менеджмент» коммуникациялар бойынша директоры Наталья Емченко.
Сонымен бірге, Жоғарғы Раданың спикері Владимир Рыбактың Киевтің Жуляны әуежайынан ұшып кеткені хабарланған болатын. Алайда кейін журналистерге оның ешқайда кетпегенін баспасөз қызметінен хабарлаған.
20 ақпан күні кешке қала тұрғындары «Борисполь» әуежайына баратын жолды жауып тастады. Олар көліктерді тоқтатып, тексеруде. Осылайша, белсенділер халық депутаттарының ұшып кетуіне бөгет болмақ.
Тағы бір жағынан 20 ақпан күні қарапайым қала тұрғындарының Киевтен кеткісі келетіні жайлы көптеген хабарламалар таратылды. Шығар жолдарда кептелістер, ал автокөліктердің жанар-жағармай стансасында ұзын-сонар кезектер орын алды.