Киік, арқар етін қойдікі деп көрсететін фактілер көп - АШМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі браконьерлермен күрес саласындағы заң бұзушылықтарды жариялады. Қылмыскерлерге құқық қорғаушылар ғана емес, сараптама жасайтын мамандар да көмектесіп жатады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдиновтың айтуынша, сараптама жасау кезінде киік немесе арқар сияқты сирек кезедесетін жануарлардың етін қой еті деп көрсету фактілері аз емес. Ал тәркіленген өліктердің саны әдейі азайтып жазылады.

«Бүгінде осы салада сараптама жасайтын мекемелер көп. Арнайы куәлікті алады да, сараптама жасай береді. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын «Оxотзоопром»-ның инспекторлары Н.Ш.Кішкентаев деген азаматы ұстады. Оның көлігін тексеру кезінде терісі сыпырылған арқардың ұшасы табылды. Аталған факт бойынша Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының ішкі істер бөлімі қылмыстық іс қозғады. Ал сараптама қорытындысында арқардың ұшасы "үй жануары" болып шықты. Ол сараптаманы жеке кәсіпкер С.З.Көпбаев өткізді. Оның жазып берген қорытындысы негізінде қылмыстық іс тоқтатылды», - деді Қ.Рыскелдинов Парламент Мәжілісінде өткен дөңгелек үстел отырысында.

Жеке кәсіпкер Көпбаевтың заңсыз әрекеттері онымен шектелмейді. Қарағанды облысының Нұра аудандық ішкі істер бөлімі Ж.К.Нұртаевқа қатысты қылмыстық істі қозғаған болатын. Оның жеке көлігінен киіктің 38 мүйізі табылды.

«Осы қылмыстық іс бойынша сараптаманы да жеке кәсіпкер С.З.Көпбаев жүргізген. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, тергеу кезінде 38 мүйіздің бәрі зым-зия жоқ болып кеткен. Оны сарапшы Көпбаевтың өзі жоғалтты деп ашық көрсетілген. Қарағанды облысының Нұра аудандық ішкі істер бөлімі Көпбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғады. Бірақ артынан ол іс тоқтатылды», - деп атап көрсетті Қ.Рыскелдинов.

Ресми мәліметке сәйкес, браконьерлерге қатысты қылмыстық істердің 41 проценті ғана сотқа түсіп жатады. Ал түрмеге қамалғандардың саны небәрі 9,5 процентті құрайды. Бес жылдың ішінде браконьерлерге тиесілі 379 көлік құралының 37-сі ғана тәркіленді.

Соңғы жаңалықтар