Киік миграциясына экодук салу тиімсіз - Индустрия министрлігі
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Орталық-Батыс дәлізінің киік миграциясына тиігізіп жатқан кері әсерін жою үшін қолданылуы ықтимал амалдар туралы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астанадан шыққан көлікті Арқалық, Торғай, Ырғыз арқылы өткізіп, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына шығаратын Орталық – Батыс дәлізінің киік миграциясына кері әсері көп тиіп жатқаны туралы пайым-пікірлер жиі айтылып жүр.
Кейбір сарапшылар тіпті бұл проблема киіктерді дәстүрлі соқпақтан адастырып, оның зияны шаруаларға тиіп жатқанын айтып дабыл қақан болатын.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында экологтардың бұл дабылы орынды екені айтылған.
«Экобелсенділердің, жайылымдар мен егіс алқаптарына зиян келтірмеу үшін ірі магистральдердің астынан немесе үстінен экологиялық соқпақтарды салу ұсынысын министрлік қолдайды. Келешекте ірі магистральдердің астынан немесе үстінен экологиялық соқпақтарды салу жоспарлау ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзырына кіреді. Сонымен қатар министрлік киіктер мекендейтін ареалдарда ірі магистральдерде экологиялық соқпақтарды салу туралы ұсынысын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне енгізген болатын. Осылайша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша «Орталық-Батыс» дәлізі бойынша 17 өткел қарастырылған. Ол үшін қанша қаражат керек екені туралы ақпарат министрлікте жоқ», - деп жазылған ведомство жауабында.
Мұндағы 17 өткелдің сипаты қандай болатынын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегі мамандардан нақтыладық.
Аталған өткелдер көлік дәлізінің киік соқпақтарын қиып өтетін тұстарында қос қапталды жайдақтау тәсілі арқылы жасалмақ.
Сондай-ақ, министрлік мамандары жоласты және жолүсті соқпақтарға киіктердің аттап баспайтынын айтып отыр.
«2018 жылғы 2 ақпанда биоалуандықты сақтау қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен өткен ғылыми-техникалық кеңестің отырысында жабайы жануарларға арналған өткелдерді орнату мәселесі қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша тиісті ескерту белгілері мен қорғаныс қоршауларын орната отырып, жабайы жануарлардың көші-қоны учаскелерінде жол қапталдарын жайдақтау туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ, 2019 жылғы 25 қыркүйектегі жұмыс тобы отырысының хаттамасына сәйкес киіктердің «Орталық-Батыс» дәлізі арқылы өтетін орындарында жол қапталдарын жайдақтау туралы шешім қабылданды. Бұл шешім жол үстіндегі экодуктар мен жол астындағы өткелдерді ақбөкендер пайдаланбайтындығына байланысты болып отыр. Өйткені олар ашық, тегіс ландшафттарда мекен етеді және биік құрылымдардан да, туннель кейпіндегі өткелдерден де үркеді. Осы айтылғандардың негізінде қазіргі жағдайда ақбөкендердің кедергісіз көші-қоны үшін экодуктер салу тиімсіз. Өйткені жол өтпелерін салуға жұмсалатын шығындардың жабайы жануарларға тигізер пайдасы болмайды», - деп жазылған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінде.
Ведомство дерегіне сүйенсек, «Орталық-Батыс» дәлізінің бойынан жануарлар өтуге арналған 44 өткел салу көзделген.
«Оның ішінде 27 жоласты өткелі бар. Сондай-ақ, 17 учаскеде жол қапталдарын жайдақтау көзделген. Экодуктар құрылысы ауқымды капиталды қажет ететін болғандықтан бұл мәселе ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп пысықталып, зерттелуде», - деп жазылған министрлік жауабында.