Киіктер қырылған аумақтарда пастреллездың басқа да жануарларға жұққаны байқалмады - АШМ
Естеріңізге сала кетейік, Батыс Қазақстан облысында 3 мың 271 бас киіктің қырылғанын және оларға пастреллез диагнозы қойылғанын ҚазАқпарат бұған дейін хабарлаған болатын.
«Қырылған киіктердің басым бөлігі, шамамен алғанда 90 пайызы ұрғашы жануарлар болып отыр, олардың ішінде лақтары бар. Пастреллезды таратушылар да осы аналықтар болуы мүмкін, өйткені қыстан әлсіреп шыққандықтан, оның үстіне ішінде төлі болғандықтан олар жаңағыдай ауруды тез жұқтырады», деді Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аң шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Қайырбек Мұсабаев. Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысында қырылған киіктер тек белгілі бір аумақтарда (Жәнбек ауданының 4,5 мың гектар аумағы -Жақсыбай ауылдық округінің Айдарлы, Жұмаш және Борсы ауылдық округінің Вышка, Қайдар, Шалаш елді мекендері) ғана шоғырланған болып отыр. Басқа аймақтарда жануарлардың жаппай өлуі немесе олардан сондай ауру белгілері байқалмайды.
«Бүгінгі мәліметтер бойынша басқа аңдарға, сондай-ақ ауру таралған жердегі жұрттың қолындағы малға пастреллез ауруының жұққандығы туралы фактілер болған жоқ. Дегенмен, бұның жұғуы мүмкін болғандықтан, жергілікті атқарушы орган арқылы сол аумақтарға шектеулер қойылды. Елдің қолындағы үй жануарларын вакцинациялау жүргізіліп жатыр», деді журналистерге берген сұхбатында Агроөнеркәсіп кешеніндегі Мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Ахметжан Сұлтанов.