«Киіктер неден қырылды?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 27 мамыр, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Моңғолияда келіссөздер жүргізді. Улан-Баторға жұмыс сапары барысында Бақытжан Сағынтаев Моңғолия Президенті Ц.Элбэгдоржбен кездесіп, оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің елімізге сапармен келу туралы шақыруын табыс етті. Келіссөздер барысында тараптар екіжақты сауда-экономикалық қызметтестіктің жағдайын, экономиканың басымдыққа ие салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Жұмыс сапары шеңберінде Бақытжан Сағынтаев Моңғолия Премьер-министрі Ч.Сайханбилэгпен де келіссөздер жүргізді. Бұл материал «Моңғолиямен ынтымақтастық арта түспек» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «Насихат жұмыстары жандануы тиіс» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Кеше Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайымдығымен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті. Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы қазақстандық патриотизм мен халықтың бірлігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес халықтық реформаны кезең-кезеңімен іске асырудың және «100 нақты қадамды» өмірге табысты енгізудің маңызды факторы екенін көлденең тартты. Гүлшара Әбдіқалықова қазақстандық патриотизм ең әуелі Отанға деген сүйіспеншілікпен және оның мемлекеттік рәміздеріне деген құрметпен тәрбиеленетінін атап көрсетті. «Отанды қастерлеуде және елді құрметтеуде Мемлекеттік рәміздер күнінің мәні зор», деді өз сөзінде Мемлекеттік хатшы.

***

«Айқын» газетінде «Айдын Айымбетов ғарышқа ұшуы мүмкін» деген материал жарияланды. Бұл туралы Инвестиция және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің баспасөз қызметінің басшысы Ербол Дәулетов мәлім етті.

- Бұл мәселе пысықталып жатыр. Брайтманның орны боса­уына байланысты осы мәселе қазіргі таңда қарастырылып жатыр. Дегенмен, алдағы уақытта «Роскосмос» қандай шешім қабылдайтыны белгісіз. Бірақ Қазақстан тарапынан нақты ұсыныс болып отырғаны ол ақиқат, - деді ол.

«Мұның алдында Халықаралық ғарыш кемесіне британдық әнші Сара Брайтманның ғарыш турисі ретінде ұшуы туралы хабар тараған болатын. Дегенмен, әнші қаржылық мәселелерге байланысты ол сапардан бас тартқаны белгілі болды. Сондықтан босаған орынға қазақтың баласы ұшса, оның несі айып?!» - деп жазады автор.

Осы басылымның жазуынша, Қазақстанда киіктерге келген алапат зауал себептерінің «зымырандық» нұсқалары да тексерілуде. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мейірбек Молдабеков кеше Сенатта мәлімдеді. Жиында сенатор Мұхтар Алтынбаев елді алаңдатқан сауалды Үкімет мүшелеріне төтесінен қойды: «Еліміздің солтүстігінде және батысында киiктер қынадай қырылуда. Осыған ғарыш зымырандарының кесірі бар ма?»

- Киіктердің қырылуы экологиялық жағдайларға, соның ішінде ғарыш айлағының қызметіне байланысты болуы мүмкін, - деп жасырмады М.Молдабеков. - Бірақ осы жануарлардың өліктері жайрап жатқан жерлер зымыран ұшырулар тікелей әсер ететін аудандарынан тым алыста. Ондай аудандар бізде Қарағанды облысында екендігі мәлім. Ал киіктер басқа өңірлерде қырылуда. Әйткенмен біз зерттеп қараймыз, - деді ол. Бұл мақала «Киіктер неден қырылды?» деген тақырыппен берілген.

***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Бочка катится в гору» деген материал басылды. Мұнайға әлемді котировкалардың өсуі Қазақстанда бензин бағасының көтерілуіне ықпал етті. ҚР Энергетика министрлігі Аи-92 бензинінің бір литріне 108 теңге көлімінде шекті бағаны белгіледі. Бұл маркалы бензиннің бағысы осы күнге дейін 99 теңге болып келген еді. Енді министрліктің тиісті бұйрығынан кейін жанар-жағармай құю стансалары бұл маркалы бензиннің бағасын көтеруге құқылы болып отыр.

Соңғы жаңалықтар