Киіктерді браконьерлерден қорғаудың мемлекеттік жоспарын құру ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Киіктерді сақтау және олардың санын көбейту мәселесі бойынша елімізде «Киіктерді қорғау» жоспары жасалуы тиіс. 

Киіктерді браконьерлерден қорғаудың мемлекеттік жоспарын құру ұсынылды

Бұл жайында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлының әріптестері атынан ел Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сауалында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақтың сайын даласының киесі әрі еркесі болған миллиондаған киіктер қайда кетті?! Неге азайды? Бүгінгі таңда дүние жүзіндегі киіктер популяциясының 95 пайызы Қазақстанға тиесілі. 1991-1999 жылдар аралығында елдегі 1 млн 200 мың киіктің 150 мыңы ғана қалған. Ал 2003 жылы Қазақстандағы киіктердің саны небәрі 21 мың ғана болған. Ерке киіктерге қатысты мұндай қылмыс тек қаскөй адамдардың қолымен жасалған деуге негіз бар», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Қазақстан үкіметі еліміздегі киіктердің мүлдем құрып кетуінен қауіптеніп, киік аулауға заң жүзінде тыйым салды. Ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа Қазақстан Республикасының бүкіл аймағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2020 жылға дейін пайдалануға тыйым салатын қаулы да қабылдады. Соған қарамастан елімізде жануарлар дүниесін қорғайтын республика заңнамаларын өрескел бұзу, қарда жүретін техниканы, автоқұралдарды пайдалану арқылы заңсыз аң аулау жүйелі және үдемелі сипат алуда. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы прокурорының мәліметі бойынша, осы аймақта 2014-2016 жылдар ішінде осы санаттағы қылмыстың саны 5 есеге өскен, алынған киік ұшасы - 4 есеге, мүйізі 8 есеге артқан. Келтірілген зиян 423 млн теңгені құрады.

«Ал еліміз бойынша 2013-2016 жылдары аралығында 312 киік ату фактісі тіркеліп, 1397 киік ұшасы, 6285 мүйіз тәркіленген. Қолға түспей тіркелмегені қаншама? 2016 жылы Қытай шекарасында Қазақстаннан барған, құны 12 млн доллар тұратын бір жарым тонна контрабандалық мүйіз тәркіленді. Айта кету керек, еліміздегі қара базарда 1 келі киік мүйізі 10-100 мың теңге аралығында болса, Қытайда ол 3-10 мың доллар шамасында бағаланады. Мамандардың айтуынша, 1 келі мүйіз алу үшін 6-7 киікті атып алу керек екен»,- деді Бақтиярұлы.

Сенатордың айтуынша, ықылым заманнан бері қазақтың ұлы даласын мекендеген киелі киік тұқымы соңғы жиырма шақты жыл ішінде жер бетінен жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. 

"Киіктерді сақтау және олардың санын көбейту мәселесі бойынша елімізде «Киіктерді қорғау» жоспары жасалуы тиіс және бұл мәселені шешуге мемлекет, қоғам атсалысуы керек деп санаймыз",- деді ол.