Киіктердің қырылуы бойынша зерттеу қорытындысы маусымның аяғында жария етіледі

Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Бағдат Азбаев айтты.
«Біз үшін бұл үлкен қасірет. Киіктердің өлекселері табыла бастаған кезде-ақ министрлік жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Оған ғылыми қызметкерлер, шетелдік сарапшылар, отандық мамандар кірген. Менің ойымша, бұл жұмыс тобы оқиғаның нақты себебін анықтауы тиіс», - деді Б.Азбаев.
Оның айтуынша, бүгінгі күнде киіктердің қырылуына не себеп болды деген көптеген болжамдар бар. Олардың негізгілері - экологияның бұзылуы және пастереллёз. Кейбір топ киіктердің жаппай қырылуын сол маңайдан малшылар тауып алған жұмбақ ғарыштық нысанмен байланыстырады.
«Дегенмен жұмыс тобы нақты бір шешімге келуі тиіс. Яғни барлық нұсқаларды жан-жақты зертеп, анық-қанығына көз жеткізуіміз қажет. Қорытынды шешім 3 аптаның көлемінде шығарылады». - деді ол.
Жаңа деректер бойынша, бүгінгі таңда қырылған киіктердің саны 127 мыңнан асты. Министр А. Мамытбековтің айтуынша, бұл сан жануарлардың өлекселерін тікұшақтармен және басқа да техникалармен іздеудің нәтижесінде көбейіп отыр.