Киіктердің өліміне қатысты кінәлі азаматтарға немесе мекемеге қылмыстық іс қозғалуы мүмкін - Ауыл шаруашылығы министрлігі
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Батыс Қазақстан облысындағы 2 мың киіктің өлігі табылған аймаққа тексеру жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы сала мамандары шығады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасының Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, аталмыш топ құрамында Батыс Қазақстан облысының әкімі, прокуратура, Төтенше жағдайлар мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласының мамандары бар.
«Ертең кешкісін біз киіктердің не себептен өлгендігін нақты анықтап, жағдайды біліп қайтамыз. Егер киіктердің өліміне қандай да бір адами факторлар әсер еткен жағдайда оған кінәлі азаматтарға немесе тиісті мекеме басшыларына қатысты қылмыстық іс те қозғалуы мүмкін. Себебі 2 мың киік дегеніңіз өте үлкен шығын», деді комитет төрағасы.