Киіктердің жаппай қырылуына пастереллез ауруы себеп болған
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің Зоология институтының жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымының кандидаты Юрий Грачевтің айтуынша, аурудың тууына себепкер «Pasteurella multocida» бактериясы дені сау жануарлардың денесінде де болады. Ал ол қозған жағдайда ауруды тоқтату мүмкін емес. Оның айтуынша, киіктердің бұл ауруға ұшырауына жануарлардың қалың қарлы қыстың ұзаққа созылуынан организмі әлсіреп қалуы да себепкер болуы мүмкін. «Әйтсе де, толыққанды тексерістердің қорытындысын тосу керек», дейді Ю.Грачев. «Охотзоопром» РМҚ бас директорының орынбасары Сергей Орловтың айтуынша, соңғы 4-5 күнде киіктердің өлуі тоқтаған. Тікұшақпен бақылаған жағдайда 1,5 мың шамасында шоғырланған табындарды көруге болады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін хабарланғандай Батыс Қазақстан облысының Қазталов және Жәнібек аудандарында 18-24 мамыр аралығында 12 мың бас киік өлген болатын. Өткен жылдың санағы бойынша Қазақстан аумағында 81 мың бас киік бар. Бұл жануарлардың жаппай қырылуы бірінші рет кездесіп отырған жоқ. Былтырғы жылы да олардың өлім-жітімі болған. Ал ең көп киік өлімі 1984 жылы ақпан-сәуір айларында орын алған. Онда 250 мың бас, 1981 жылы Торғай облысында 180 мың бас, 1988 жылы мамыр айында 500 мың бас жануар өлген. Комиссияның қорытындысы бойынша, олардың жаппай қырылуына барлық кезде пастереллез ауруы себеп болған.