Киікті заңсыз аулағандар сотталды

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Министрлік мәліметтеріне қарағанда, жыл басынан бері киіктердің таралу аймақтарында оларды атудың және мүйіздерін сауда-саттыққа салудың 19 фактісі тіркелген. Киіктің 124 тушасы мен 5249 мүйізі тәркіленген. Мұның өзі браконьерліктің жаппай сипат алып отырғанына, киік етін өткізу, мүйіздерін сатып алуды ұйымдастырудың жолға қойылғанына, сондай-ақ оны елден тысқары жерлерге контрабандалық жолмен тасып әкетілуіне нақты айғақ бола алады. Бұл ретте ел ішінде киік еті мен мүйіздерін өткізу нарығының болуы, оларды шетелге контрабандалық жолмен шығарудың орын алуы, сондай-ақ ұсталғандардың жауаптылықтан жалтарып кетуі киік басын сақтауға айтарлықтай қатер төндіріп отыр.
«Осыған орай, Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық кодекстеріне өзгерістер енгізген болатын. Президент қол қойып, күшіне енген заң жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін ғана емес, сонымен бірге пайдалануға тиым салынған түрлері де заңсыз пайдаланғаны үшін жазалауды қарастырған еді.
«Қатаңдатылған заңға сәйкес, 2012 жылғы браконьерліктің және киік мүйіздерінің ірі топтамаларын тасуда тіркелген фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Осындай бір факт бойынша Қызылорда облысы Қармақшы аудандық сотының үкімімен ағымдағы жылдың сәуір айында киіктерді заңсыз аулағаны үшін Қызылорда облысы Жосалы ауылының екі тұрғыны 2,6 және 2 жылға сотталды. Бұған қоса, заң бұзушылардың «УАЗ 34512» маркілі автокөлігі тәркіленді», - делінген баспасөз хабарламасында.