Қиыр шығыстағы үш елдің сауда министрлерінің кездесуі бес жылдан соң қайта жаңғырды

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Корея, Қытай және Жапония сауда министрлерінің он үшінші кездесуі 30 наурыз күні Сеулде өтті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қажеттілігін атап өтіп, өзара әрекеттестікті кеңейтуге келісті. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.

Қиыр шығыстағы үш елдің сауда министрлерінің кездесуі бес жылдан соң қайта жаңғырды
Фото: Yonhap

Кездесуге Оңтүстік Кореяның Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Ан Док Гын, Қытайдың Сауда министрі Ван Вэньтао және Жапонияның Экономика, сауда және индустрия министрі Муто Ёдзи қатысты.

Тараптар аймақтық және жаһандық экономикалық тұрақтылықты сақтау жолында үшжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап көрсетіп, сауда-экономикалық саладағы серіктестікті кеңейте түсуге келісті. Сонымен қатар, министрлер жаһандық сауда, өнеркәсіп, энергетика және өзара ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Тараптар Дүниежүзілік сауда ұйымын (ДСҰ) реформалау, «Өңірлік жан-жақты экономикалық әріптестік келісіміне» (RCEP) жаңа мүше қабылдау секілді көпжақты сауда жүйесі аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Сондай-ақ, тараптар жан-жақты әрі «жоғары деңгейлі» Оңтүстік Корея–Қытай–Жапония еркін сауда келісімін (FTA) жасасу үшін бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Бұған қоса, министрлер бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау, жеткізу тізбегінің тұрақтылығын сақтау, экспорттық бақылауға қатысты ынтымақтастықты күшейту, сондай-ақ жасыл және цифрлық экономиканы дамыту бағытында тығыз серіктестік орнатуға келісті.

Кездесу Трамп әкімшілігінің сауда серіктестеріне «өзара тарифтер» енгізу туралы бастамасы күшіне енудің қарсаңында өтті. Кездесудің басты мақсаты — ортақ мүдделерге негізделген еркін сауда тәртібін жетілдіру үшін үш елдің тиісті сынақтарға қалай жұмыла қарсы тұруы керектігін талқылау. Министрлер, жалпы алғанда, халықаралық ережелерге негізделген жаһандық еркін сауда жүйесі аясында тұрақты сауда тәртібін сақтап қалуға мүдделі екендіктерін білдірді.

Айта кетейік, бұған дейінгі Корея, Қытай және Жапония сауда министрлерінің кездесуі 2019 жылдың желтоқсанында Бейжіңде өткен еді. Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Жапонияны зерттеу институтының (https://m.huanqiu.com/article/4M4uZ2eW8h4) аға ғылыми қызметкері Лу Хаоның айтуынша, өткен бес жарым жылда коронавирус пандемиясының өршуі салдарынан Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония үшжақты механизмі, іс жүзінде, үзіліп қалған болатын. Сондай-ақ, Оңтүстік Корея мен Жапонияның АҚШ саясатын қолдап, Қытайға қарсы әрекет етуі, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея арасындағы үшжақты ынтымақтастықтың күшеюі Солтүстік-Шығыс Азияның қауіпсіздік жағдайын шиеленістіріп жіберген еді. Бұған қоса, Оңтүстік Корея мен Жапонияның ішкі саясатындағы өзгерістер де үш ел арасындағы ынтымақтастықтың тоқырауына әкелді.

- Дей тұрғанмен, Дональд Трамптың жаңа саясаты АҚШ-тың Азиядағы басты одақтастары — Жапония мен Оңтүстік Кореяның алаңдаушылығын күшейтті. АҚШ тарапынан келетін қысымды бәсейту үшін Сеул мен Токио аймақтық ынтымақтастықты қайта жандандырып, Қытаймен өзара байланысын жақсартуы керек, өзге жол жоқ, — деді Лу Хао.

Айта кетейік, бұған дейін Сібір мен Қиыр Шығыста 100-ге жуық елді мекен түтінге тұншығып отырғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар