Киік өлекселерін жоюға орманшылар мен аңшылар жұмылдырылды ма – Экология министрлігі жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде табиғат қорғаушы Батыр Сейкеновтің видеосы тарады. Онда автор киік өлекселерін жою жұмыстарына орманшылар мен аңшылардың жұмылдырылғаны айтылады.

- Экология министрлігі басшылығының ауызша бұйрығы түсіпті. Дәл осы министрлік барлық орманшыларды, аңшылар мен мемлекеттік қызметшілерді Ұлытау облысында киік өлекселерін жинауға жібереді. Алайда, өлекселер бүкіл Қазақстанда жатыр. Бұйрық мынадай, айырым белгісіз, киім үлгісінсіз шығу қажет. Өлекселерді жинау үшін адам қолы жетпей жатыр. Өйткені, өлген киік өте көп, - деді ол TikTok-та жариялаған видеосында.
Осы мәселеге орай Kazinform агенттігі Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сауал жолдаған еді.
Ведомство мәліметінше, Ұлытау облысында және басқа да өңірлерде киік өлекселерін жинау және жою жұмыстарын ведомствоаралық іс-қимылдың бекітілген бірлескен алгоритмі аясында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық және ведомстволық бөлімшелері ветеринарлық қызметтермен, әкімдіктермен, полиция және ТЖМ қызметкерлерімен бірге жүргізіп жатыр.
- «Tik Tok» әлеуметтік желісін пайдаланушы Батыр Сейкеновтің «Ұлытау облысында киіктердің өлексесін жинауға және жоюға Экология министрлігінің мемлекеттік қызметкерлері, орманшылар мен аңшылар айырым белгісіз, киім үлгісінсіз жұмылдырылып жатыр» делінген ақпараты шындыққа жанаспайды. Ұлытау облысының аумағында киік өлекселері көп табылуына байланысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ведомстволық бөлімшелерінен қосымша күш жұмылдырылды. Жұмылдырылған барлық маман өздерінің құзіреттері аясында белгіленген тәртіппен және қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жұмыс істеуде», - деп нақтылады министрліктен.
Бұған дейін Ұлытау облысында 14 мыңға жуық киіктің өлексесі жойылғанын жазған едік.