Киік санын реттемесе не болады – Экология министрлігінің жауабы

киік
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Тұрғамбаев киік санын мемлекет реттемесе, не болатыны туралы пайымын айтты.

«Ғалымдар Қазақстан аумағындағы киіктерді өте көп зерттеген. Совет заманында ең үлкен популяция 1,2 млн басқа дейін ғана жеткен. Ғалымдардың есебі бойынша, Қазақстан аумағындағы киіктің ең оңтайлы популяциясы 800-900 мыңға дейін болу керек. Одан асса, ең біріншіден, бір-бірімен бәсеке артып, эпизотикалық аурудан өте үлкен қауіп бар. Бір-біріне жұқтырып популяцияның бәрін жоғалтып аламыз деген қауіп бар», - деді министрлік өкілі.

Сондай-ақ, ол киіктің көбеюі шаруаларға зиян тигізеді деген уәж айтты.

«Екіншіден, киіктер ауыл шаруашылығымен де бәсекеде тұр. Ауыл шаруашылығын да ұмытпауымыз керек. Қазір жер жетіспейді. Сондықтан оптималды түрде 800-900 мыңға дейін ғана деген ғалымдардың есебі бар», - деді Данияр Тұрғамбаев.

Соңғы жаңалықтар