Кикбоксшы Абзал Дүсіпов WAKO PRO белбеуіне таласып көрмек (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - 15 мамырда Астанада «Дәулет» спорт кешенінде кикбоксингтен кәсіпқойлар арасында Азия чемпионы атағы (WAKO PRO) үшін жекпе-жек өтеді.
Ең басты жекпе-жек - 60 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атағы үшін Ирландиядан келген тегі иорданиялық Адай Әли Абдулрахим мен жерлесіміз Абзал Дүсіпов арасында өтеді.
Ирландиялық 2011 жылғы әлем чемпионы болса, Абзал 2013 жылы Түркияның Анталья қаласында әлем чемпионы атанған болатын. Ереже тәртібімен жекпе-жек 10 раундқа дейін жалғасады.
Бұдан бөлек, тағы да бес жұп арасында рейтингілік жекпе-жектер жоспарланған. Яғни, біздің құрама команданың мүшелері Ирак, Түркіменстан, Ресей, Өзбекстан және Польша елдерінен келген спортшылармен қолғап түйістіреді. Астанадағы турнирге Бүкіләлемдік Кикбоксинг ұйымы қауымдастығы (WAKO) президентінің міндетін атқарушы Салим Каячи мен аталған ұйымның азиялық қанатын басқаратын (WAKO ASIA) Насер Насири құрметті қонақ ретінде қатысады. Кикбоксингтен Азия чемпионы атағы үшін болатын турнир Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында өтпек.