Қылмыс құрбаны болсаңыз, қандай жағдайда мемлекет өтемақы төлейді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде қылмыстан зардап шеккендерге мемлекеттен 50 АЕК-ке дейін төлем қарастырылған, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Қазақстанда ауыр құқық бұзушылықтардан зардап шеккен азаматтарға бастапқы қаржылық қолдау көрсетуге бағытталған «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заң қолданылады.
Бұл төлем — мемлекет тарапынан көрсетілетін материалдық көмек. Оны алу үшін кінәлі адамның анықталуы, жауапқа тартылуы немесе келтірілген залалды өтеуі міндетті емес.
Кімдер өтемақы ала алады?
Заң бойынша өтемақы алуға құқығы бар азаматтардың санатына:
- жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен кәмелетке толмағандар;
- адам саудасының құрбандары;
- азаптаудан зардап шеккендер;
- қылмыс салдарынан денсаулығына ауыр зиян келтірілген адамдар;
- қылмыс салдарынан АИТВ/ЖИТС жұқтырған адамдар жатады.
Сондай-ақ жәбірленуші қайтыс болған жағдайда оның заңды өкілдері немесе жақын туыстары өтемақы алуға құқылы. Нақты санаттар мен талаптар заңда көрсетілген.
Қанша ақша төленеді?
Өтемақы бір рет төленеді. Оның мөлшері айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты есептеліп, қылмыс санатына қарай 30-дан 50 АЕК-ке дейін болады.
Өтінішті қашан беруге болады?
Жәбірленуші өтемақы алу үшін өзін жәбірленуші деп таныған күннен бастап үш жыл ішінде өтініш бере алады.
Қылмыстық қудалау органы адамды жәбірленуші деп таныған кезде оған Қордан өтемақы алу құқығын және өтініш беру тәртібін жазбаша түрде түсіндіруге міндетті.
Өтінішті қайда беру керек?
Банк шоты көрсетілген өтінішті қылмыстық істі жүргізіп жатқан тергеушіге немесе анықтаушыға беруге болады.
Қажетті процестік құжаттар пакеті қалыптастырылғаннан кейін Қазынашылық төлемді қолма-қол ақшасыз тәртіппен жүзеге асырады.
Өтемақы алғаннан кейін залалды өндіріп алуға бола ма?
Иә. Мемлекеттік өтемақыны алу азаматтың кінәлі адамнан сот тәртібімен материалдық және моральдық зиянды толық өтеуді талап ету құқығын шектемейді.
Қосымша ақпаратты қайдан алуға болады?
Толық түсініктеме алу үшін азаматтар қылмыстық іс жүргізіліп жатқан жердегі құқық қорғау органдарына жүгіне алады.
Осыған дейін Семейде 19 жастағы қыздың өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын жазғанбыз. Полицияның мәліметінше, күдікті ізін суытпай ұсталды. Ол 24 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.