Қылмыстық кодексте жаңа бап: Вейп сатқандарға қандай жаза енгізілмек

закон
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда вейптерді сатуға толық тыйым салу жоспарлануда. Осыған байланысты Қылмыстық кодексте 301-1 бап пайда болады. Жаза түрлерін Мәжіліс депутаттары ұсынды. 

Сату және тарату

Темекі бұйымдарын, электронды вейптерді, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатқаны және таратқаны үшін олар үшін Қылмыстық кодекстің 301-1 баптың 1-бөлігі бойынша 200 АЕК (738 400 теңге) көлемінде айыппұл не болмаса 200 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза көзделеді немесе 50 тәулікке қамауға алынады.

Әкелу және өндіру

301-1-баптың 2-бөлігіне сәйкес вейптерді әкелгені және өндіргені үшін 2000 АЕК көлемінде айыппұл салуға (7 млн 384 мың теңге) не болмаса 600 сағат қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе мүлікті тәркілеумен (немесе тәркілеусіз) 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Аталған баптың 3-бөлім бойынша қылмыстық топтың бірнеше рет заң бұзушылық жасағаны және аса ірі мөлшерде табыс тапқан жағдайда 5000 АЕК (18 млн 460 мың теңге) мөлшерде айыппұл салу, не 1200 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту немесе мүлікті тәркілей отырып 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді. 

«Қылмыстық кодекске 301-1-баптың енгізілуін мүдделі мемлекеттік органдар қолдады», - делінген ҚР Ішкі істер министрлігінің Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында.

Соңғы жаңалықтар