Ким Чен Ынның әпкесі АҚШ Солтүстік Кореяны арандатып отыр деп мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – Кореяның Жұмыс партиясы Орталық комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары Ким Е Чжон «АҚШ-тың дұшпандық саясаты» КХДР-ға өзінің «ядролық соғысты тежейтін күштерін» нығайтуға себеп беріп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Корея Орталық телеграф агенттігі.

— АҚШ жағдайды ушықтыратын әдеттегі арандатушылық әрекеттерін тоқтатпай отыр, — делінген КХДР көшбасшысының әпкесі Ким Е Чжонның мәлімдемесінде.
Оның атап өтуінше, АҚШ-тың стратегиялық активтерінің Корей түбегінде үнемі орын алуы «өзімізді-өзі қорғайтын ядролық соғысты тежеу күштерімізді нығайтудың өзектілігін» танытып отыр.
Ким Е Чен 2 наурызда АҚШ Әскери-теңіз күштерінің әуе кемесі Оңтүстік Кореяның Пусан портына кіргенін еске салды.
— АҚШ Әскери-теңіз күштерінің «Carl Vinson» ядролық ұшақ тасығышы басқаратын екпінді тобы «КР (Корея Республикасы) және АҚШ альянсын көрсету» және «өзара қолдануды күшейту» сылтауымен 2 наурызда Кореяның Пусан операциялық базасына кірді, — деді ол.
Оның пікірінше, АҚШ-тың жаңа әкімшілігі «бұрынғы әкімшіліктің КХДР-ға қарсы дұшпандық саясатын» мұра етті.
— Егер АҚШ әскери күштерін көрсету бойынша рекордты жаңарта берсе, біз де стратегиялық тежеу күштерін пайдалану бойынша рекордты жаңартуға мәжбүр боламыз, — делінген мәлімдемеде.
Ол сондай-ақ «дұшпандарды» Солтүстік Кореяның өзін қорғау қабілетін сынамауға шақырды
— Дұшпандар өз құралдарының барлық арсеналын пайдалана отырып, біздің ерік-жігеріміз бен мемлекеттің егемендігі мен қауіпсіздік мүдделерін қорғау қабілетін сынамауы керек. Бұл өте қауіпті іс, - деп түйіндеді Ким Е Чжон.
Бұған дейін хабарланғандай, Ким Чен Ын Солтүстік Кореяның ядролық қалқанын нығайтуға шақырды.