Ким Чен Ир Пхеньян көшелеріндегі қозғалыстарды реттеуші қыздарға үшметрлік қолшатырлар тарту етті
АСТАНА. Тамыздың 11-і. ҚазАқпарат - Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ир «қала көркі» саналатын Пхеньян көшелеріндегі қозғалыстарды реттеуші қыздарға күтпеген сыйлық жасады.
Елорданың негізгі көше қиылыстарында «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» үлкен-үлкен қолшатырлар пайда болды. Бұл шатырлар таңның атысы-күннің батысы қала көшелеріндегі қозғалысты реттеуші қыздарды күннің сәулесінен және жауын-шашыннан қорғайтын болады. Бұған дейін олар жауын-шашыннан жадағай бүркеншіктермен қорғалып келген, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.
Қаланың орталық көшелерінде бағдаршамдар баяғыдан бар, бірақ электр қуатын үнемдеу мақсатында олар жыл бойы дерлік сөндіріліп тұрады. Ал көшелердегі қозғалысты реттеу формадағы бойжеткендерге жүктелген.
Елдің «Нодон синмун» орталық басылымының жазуынша, жол қозғалысын реттеуші қыздарға арналған қолшатырларды Ким Чен Ир ыстық күннің және жауын-шашынның астында жұмыс істеуге мәжбүр болып отырған қыздардың жағдайын өзі байқағаннан кейін тарту еткен.