13:02, 02 Маусым 2009 | GMT +5
Ким Чен Ир үшінші ұлы Ким Чен Унды мұрагер етіп тағайындағаны туралы мәлімет алынды
СЕУЛ. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметі ел парламентін, Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ирдің үшінші ұлы – Ким Чен Унды өзінің мұрагері етіп тағайындағаны туралы мәліметтен хабардар етті.
Арнаулы қызмет өкілі Ұлттық жиналыстың барлау жөніндегі комитетінің мүшелері дүйсенбі күні осындай хабарлама жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ИТАР-ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.Барлау қызметі Ким Чен Унды мұрагер етіп тағайындау туралы хабарламаның мамырдың 28-інде - Солтүстік Кореяда жасалған екінші ядролық сынақтан үш күннен кейін жасалғанын мәлім етіп отыр, деп хабарлады Эн-эйч-кей телекомпаниясы. Пхеньянның шетелдік өкілдіктеріне тиісті хабарламалар жасағанын да осы дерек көз хабарлап отыр. Өкілдік қызметкерлерінен мұрагерге адал қызмет ету туралы ант талап етілген деген ақпараттар айтылуда. Ким Чен Ун, түрлі мәліметтер бойынша, 1983 немесе 1984 жылы туылған, оның қазіргі кездегі фотосуреттері жоқ. Оның анасы - Ким-Чен Ирдің үшінші әйелі - Ко Ён Хи балерина болған. Ким Чен Ун орта білімді Берндағы Халықаралық мектепте алған. Еліне оралғаннан кейін оның не істеп, не қойғаны туралы ақпараттар жоқтың қасы.