«Ким Ен А Патшайым» Қысқы Олимпиада ойындарының алауын жақты
ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласындағы ХХIII қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылуы аяқталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Бүгінгі күннің ең басты әлемдік жаңалықтарының бірі - ХХIII Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты кәріс халқының ұлттық нақышында ұмытылмас мәнерде болып өтті. Қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатында ұйымдастырушылар табиғат пен адамзаттың үйлесімін көркем көрініс арқылы көрсете білді. Айта кетерлігі, бес құрлықтағы халықтың өкілдері үшін салынған стадионға 35 мың адам сияды. Стадиондағы шеруде әлемнің 92 елінің спортшылары кезек-кезекпен жүріп өтті.
Бұдан кейін келесі кезең «Ариран» - Уақыт өзені көрінісіне берілді. Ортаға 77 жастағы танымал өнерпаздарының бірі Ким Нан Гиль ұлттық әнді орындап, көрініс кәріс халқының тарихынан сыр шертті. Виртуалды экрандағы театрландырылған көрініске бес балдырған қатысып, көрермендердің зор қошеметіне бөленді. Арнайы ролик арқылы ұйымдастырушылар кәріс халқының заманауи технологиялық жетістіктерін паш етті.
Шараның ашылу салтанатында Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах спортшыларға сәттілік тілеп, Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Ин Пхенчхан қаласындағы ХХIII қысқы Олимпиада ойындарын ашық деп жариялады.
Бұда кейін Кореяның опера әншісі Хванг Су Ми Қысқы Олимпиада ойындарының әнұранын орындады.
Ал қысқы Олимпиада ойындарының алауын жағу құрметі мәнерлеп сырғанаудан Кореяның мақтанышы Ким Ен А-ға бұйырды.
Айта кетсек, Ким Ен А 2010 жылғы қысқы Олимпиада чемпионы. 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлемнің төрт дүркін, Оңтүстік Кореяның алты дүркін чемпионы. Өз Отанында мәнерлеп сырғанушыны - «Ким Ен А Патшайым» деп атайды.
Алау жағылғаннан кейін қаласындағы ХХIII қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылуы аяқталып, от шашу атылды.
фото:www.pyeongchang2018.com, english.yonhapnews.co.kr